19 қараша күні математика пәнінің мұғалімі Нургазина Каламкас Какимовна 11 «Ә» оқушыларына «Иррационал өрнектерді түрлендіру» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты: оқушылардың n-ші дәрежелі түбір қасиеттерін қолданып, иррационал өрнектерді түрлендіру дағдыларын қалыптастыру болды.
Сабақтың басында оқушыларды ой қозғауға жетелеп, түбір қасиеттерін жүйелеп қайталауға мүмкіндік берді. Формулаларды сәйкестендіру барысында оқушылар жылдам әрі дәл жауап беруге тырысып, қызығушылық танытты.
Сабақта оқушылар иррационал өрнектерді түрлендіру, түбірлі өрнектерді ықшамдау, бөлімді иррационалдықтан арылту әдістерін меңгерді. Практикалық бағыттағы тапсырмалар арқылы теориялық білімдерін бекітіп, логикалық және аналитикалық дағдыларын дамытты.
Сабақта қолданылған әдіс-тәсілдер
✨ «Формулаларды сәйкестендіру»
Оқушылар формулаларды дұрыс сәйкестендіріп, теорияны жүйеледі.
✨ «Математикалық диктант»
Жылдамдық, дәлдік және ойлау шапшаңдығын тексеруге арналған қысқа тапсырмалар.
✨ «Гексагон» әдісі
Иррационал өрнектерді ықшамдауға арналған әртүрлі деңгейдегі есептер беріліп, оқушылар оларды шығарып, гексагондарды дұрыс ретпен орналастырды.
✨ «Пирамида» әдісі
Есептер шығарылып, жауаптарына сәйкес пирамида құрастырылды. Жеңілден күрделіге қарай реттеп жұмыс жасау оқушылардың логикалық ойлауын күшейтті.
Ашық сабақ өте мазмұнды, қарқынды және нәтижелі өтті. Оқушылар белсенді жұмыс жасап, иррационал өрнектермен жұмыс істеу дағдыларын жоғары деңгейде көрсетті. Қолданылған әдістер — қызығушылықты арттырып, сабақтың тиімділігін күшейтті.







