2025 жылдың 5 мамыр күні 10 "А" сыныбында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай "Отан – рухы биік, асқақ ұғым" тақырыбында әсерлі әрі мазмұнды ашық тәрбие сағаты өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты – оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихи сана мен ұлттық рухты нығайту, сондай-ақ ата-баба ерлігін мәңгі есте сақтау.
Сынып оқушылары үш шығармашылық топқа бөлінді: "Тарихшылар", "Әдебиетшілер" және "Ақындар". Әр топ өз бағыты бойынша соғыс тақырыбына байланысты тың мәліметтер мен мазмұнды жұмыстарын ұсынды.
"Тарихшылар" тобы – Ұлы Отан соғысының басталу себептері, майдандағы батырлар мен Қазақстанның соғысқа қосқан үлесі жайында кең көлемде баяндап, слайдтар мен тарихи деректерді ортаға салды. Олар халқымыздың ерлігі мен тылдағы еңбекті ерекше атап өтті.
"Әдебиетшілер" тобы – соғыс тақырыбында жазылған көркем шығармалардан үзінділер оқып, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, С.Елубаев сынды майдангер жазушылардың еңбектеріне тоқталды. Сонымен қатар, олар көркем сөзбен өрнектелген көрініс арқылы көрермендерді терең әсерге бөледі.
"Ақындар" тобы – өз шығармашылықтарымен бөлісіп, Жеңіс туралы жүректен шыққан өлеңдерін оқыды. Олардың жыр жолдарында елге деген махаббат пен майдангерлерге тағзым айқын сезілді.
Іс-шара соңында барша қатысушылар бір минут үнсіздікпен соғыста қаза тапқандарды еске алып, жүректерінде елге деген шексіз ризашылық сезімін оятты.
Бұл тәрбие сағаты – жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді ұштауға, тарихты құрметтеуге, рухани байлықты бағалауға үлкен үлес қосты. Осындай шаралар жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз.
https://www.instagram.com/p/DJRc7Nft_Vb/?img_index=1