Биыл алғаш рет мұғалімдер күнін мерекелеу күні-5 қазан бекітілді. Мереке ең асыл, жауапты және маңызды мамандықтың өкілдерін біріктіреді. Бұл күні Астанада Республикалық педагогтар съезі өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 700-ге жуық мұғалім қатысты. Съезд барысында педагогтар озық тәжірибелерімен және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алды.
«Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет», деді Қ.Тоқаев.
Президенттің бастамасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды.
«Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз», деді Президент өз баяндамасында.
#ұстаздарсъезі2023
https://www.instagram.com/p/CyFmsFZtFtB/