oC

НАУРЫЗ - ЖЫЛ БАСЫ
Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған.
Ұлыс күнi – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Таң атқаннан бастап таныстарының үйіне кіріп, құтты болсын айтады, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Наурыз күні наурыз көже пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) және қызылдан (еттен жасалатын тағамдар) жеті түрлі дәм қойылады. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!" деп бата береді.
Тәуелсіздігіміздің арқасында қайта жаңғырған, дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мереке қазақ халқы үшін «жақсылықтың бастауы» бола бергей.
#біртұтас_тәрбие

https://www.instagram.com/p/C4zTL78o5jb/