oC

Бүгін бесінші наурыз — Алаш қозғалысының көшбасшысы, қазақ халқының жанашыры, Ұлт көсемі, ғалым, публицист, мәдениет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күні.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол қазақтың ақырғы ханының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртінші буыны, Бөкей ханның шөпшегі.

Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.

Сондай-ақ экономист, тарихшы, этнограф, әдебиетанушы ретінде танылды. Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды.

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан сотталып, ату жазасына кесілді.
 
https://www.instagram.com/p/C4IpirctOHr/